Баспасөз хабарламалары

KEGOC: Ұлттық электр желісі 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңді сәтті өткізуге дайын

KEGOC: Ұлттық электр желісі 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңді сәтті өткізуге дайын

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Ұлттық электр желісін алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау қорытындылары мен Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) сенімді жұмысын қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.

Компания жоспарланған жөндеу бағдарламасын толық орындап, 2 қазанда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындықтың тиісті паспортын алды.

Болжам бойынша, алдағы күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның БЭЖ-дегі электр қуатын тұтынудың ең жоғары деңгейі 18 200 МВт-қа жетуі мүмкін. Бұл өткен маусымдағы көрсеткіштен 2,7%-ға жоғары. Сондай-ақ электр энергиясын тұтыну 3,4%-ға, ал өндіру көлемі 3,1%-ға өседі деп күтілуде.

Жүктеменің ең жоғары өсімі энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында болжанып отыр. Мұнда электр қуатын тұтынудың ең жоғары деңгейі 5 100 МВт-қа жетіп, 700 МВт-қа артуы мүмкін. Бұл ретте жоспарланған қуаттарды іске қосу ескерілгендегі өзіндік генерация көлемі шамамен 2 800 МВт болады деп күтілуде. Жетіспейтін қуат көлемі «Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік» транзиті арқылы берілетін электр энергиясының ағыны есебінен қамтамасыз етіледі.

«Оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Ол үшін Алматы мен Түркістандағы бу-газ қондырғыларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа газ генерациясы қуаттарына қосымша Алматыдағы №2 және №3 ЖЭО-лардың қолданыстағы көмір генерациясын сақтап қалу маңызды», – деп атап өтті KEGOC басшысы Нәби Айтжанов.

Электр желісі инфрақұрылымының сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін KEGOC жөндеу бағдарламасын толық көлемде орындады. Атап айтқанда, 589 нысанда жұмыс жүргізілді. Оның ішінде 100 электр беру желісі, қосалқы станциялардың 38 бірлік жабдығы, 107 ғимарат пен құрылыс нысаны, сондай-ақ 337 автокөлік және 7 өзге де негізгі құрал жөндеуден өткізілді.

Сонымен қатар компания электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және Ұлттық электр желісін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруда. 2026 жылы KEGOC-тың инвестициялық бағдарламасының көлемі 181,9 млрд теңгені құрайды. Оның 155,9 млрд теңгесі өндірістік активтерді кеңейтуге және дамытуға бағытталған.

Компанияның басым жобаларының қатарында «Қазақстан БЭЖ-нің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру» жобалары бар. Екі жоба да бастапқы жоспарланған мерзімдерден оза отырып іске асырылуда және 2027 жылы аяқталады.

KEGOC Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық электр желісінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету және оны дамыту жұмыстарын жалғастырады.


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші