Баспасөз хабарламалары

Қарағанды энергия торабында трансформаторлық қуат ұлғайтылды

Қарағанды энергия торабында трансформаторлық қуат ұлғайтылды

2026 жылғы 2 қазанда Қарағанды облысындағы «KEGOC» АҚ-ның 500 кВ «Нұра» қосалқы станциясында қуаты 3х167 МВА болатын екінші АТ-2 автотрансформаторы іске қосылды. Жаңа автотрансформатор Қарағанды энергия торабының қуатын арттырып, жаңа өнеркәсіптік нысандар мен генерация көздерін қосуға қажетті қосымша резерв қалыптастырады.

Жаңа автотрансформаторды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Айрат Қарамұрзин және «KEGOC» АҚ басқарушы директоры Ермаханбет Атақұлов ресми түрде іске қосты.

Қосалқы станцияны кеңейту белгіленген қуаты 779 МВт болатын Қарағанды индустриалдық паркін электр желісіне қосуға берілген техникалық шарттарды орындауға, сондай-ақ қуаты 500 МВт жел электр станциясын энергия жүйесіне интеграциялауға мүмкіндік береді.

«Қарағанды облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі болып қала бермек. Жаңа өндірістерді одан әрі дамыту сенімді энергетикалық инфрақұрылымның болуына тікелей байланысты. «Нұра» қосалқы станциясында қосымша қуаттың іске қосылуы жаңа нысандарды электр желісіне қосу үшін қажетті резерв қалыптастырып, өңір экономикасының одан әрі өсуіне жағдай жасайды», – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.

Жоба аясында 500 кВ «Нұра» қосалқы станциясында 3х167 МВА екінші автотрансформатор орнатылды. Сонымен қатар төртінші ажыратқышты орнату және 500 кВ шиналар секциясын монтаждау арқылы 500 кВ ашық тарату құрылғысының схемасы өзгертілді. Бұдан бөлек, АТ-2 автотрансформаторының 220 кВ ұяшығы және сыртта орнатылатын 10 кВ АТ-2 жиынтық тарату құрылғысы монтаждалды.

«Нұра» қосалқы станциясын күшейту – KEGOC-тың Ұлттық электр торабын жаңғырту жөніндегі жүйелі бағдарламасының бір бөлігі. Бұған дейін «Састөбе» және «Сарыөзек» қосалқы станцияларында қосымша трансформаторлық қуат іске қосылды. Біз бұл жұмысты басқа нысандарда да жалғастырып, электр желісінің сенімділігін кезең-кезеңімен арттырамыз, сондай-ақ жүктеменің өсуі мен жаңа тұтынушыларды қосу үшін қажетті қуат резервін қалыптастырамыз», – деп атап өтті «KEGOC» АҚ басқарушы директоры Ермаханбет Атақұлов.

Жобаны іске асыру барысында Қазақстанда өндірілген жабдықтар мен материалдар пайдаланылды. Олардың қатарында 500 кВ автотрансформатор, 500 кВ және 220 кВ кернеу трансформаторлары, сыртта орнатылатын жиынтық тарату құрылғысы, релелік қорғаныс шкафтары мен панельдері, сорғы жабдықтары, темірбетон бұйымдары, металл конструкциялар және кабельдік-сым өнімдері бар.

Жоба қосалқы станцияларды жаңғырту бағдарламасы аясында «KEGOC» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен іске асырылды.

Қосымша қуаттың іске қосылуы электр желісінің өткізу қабілетін арттырып, Қарағанды энергия торабының электрмен жабдықтау сенімділігін күшейтеді, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік дамуына қажетті энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші