Баспасөз хабарламалары

«KEGOC» АҚ Үкімет отырысында энергия жүйесінің 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы есеп берді

«KEGOC» АҚ Үкімет отырысында энергия жүйесінің 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы есеп берді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «KEGOC» АҚ елдің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесін (БЭЖ) алдағы 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге (КҚК) дайындау барысы туралы ақпарат ұсынды. Компания қуаттың болжамды теңгерімі жөнінде хабарлап, жөндеу науқанының барысы, сондай-ақ Ұлттық электр торабын күшейту жөніндегі негізгі жобалардың іске асырылуы туралы баяндады.

Жүйелік оператордың болжамына сәйкес, алдағы КҚК-де Қазақстан БЭЖ-індегі ең жоғары электр қуатын тұтыну шамамен 18 200 МВт болады. Бұл өткен кезеңдегі көрсеткіштен 480 МВт-қа немесе 2,7%-ға жоғары. Электр энергиясын тұтыну көлемі 2 млрд кВт/сағатқа, ал өндіру көлемі 2,1 млрд кВт/сағатқа өседі деп күтілуде.

Оңтүстік энергетикалық аймақтағы ахуалға ерекше назар аударылды. Мұнда ең жоғары жүктеме 5 100 МВт деңгейінде болжанып отыр, бұл өткен КҚК-дегі көрсеткіштен 700 МВт-қа жоғары. Жаңа қуаттардың іске қосылуын ескергенде, меншікті генерацияның күтілетін көлемі шамамен 2 800 МВт болады. Жетіспейтін көлем «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзит желілері арқылы берілетін қуат ағындарының есебінен қамтамасыз етіледі.

Қазақстанның оңтүстігіндегі тұтынушыларды электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету үшін KEGOC Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 және «Түркістан» БГҚ-ның бірінші кезегінде жоспарланған генерациялайтын қуаттарды уақтылы іске қосудың, генерациялайтын және электр желілік жабдықтарды жөндеу жұмыстарын аяқтаудың, сондай-ақ елдің ірі электр станцияларында жұмыс істеп тұрған энергия блоктарының қажетті құрамын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар KEGOC өзінің жөндеу науқанын жалғастыруда. 2026 жылы жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге 589 нысанда жұмыс жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 100 электр жеткізу желісі, қосалқы станциялар жабдығының 38 бірлігі, 107 ғимарат пен құрылыс нысаны және 337 автокөлік бірлігі және 7 басқа да негізгі құрал бар. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес уақтылы орындалуда.

Инвестициялық бағдарлама аясында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Басым бағыттардың қатарында екі ірі инфрақұрылымдық жоба бар: Қазақстан БЭЖ-інің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту және Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру.

Оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту жобасы бойынша 500 кВ «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» электр жеткізу желілерінің құрылысы, сондай-ақ үш қосалқы станцияны кеңейту жұмыстары жалғасуда. Батыс аймақты біріктіру жобасы аясында «Өлке» және «Қарабатан» қосалқы станцияларында тиісті жұмыстар жүргізіліп, 500 кВ «Өлке – Қарабатан» электр жеткізу желісі салынуда. Екі жоба бойынша да жұмыстар бастапқы кестеден бұрын, жеделдетілген қарқынмен жүргізілуде.

KEGOC алдағы күзгі-қысқы кезеңге Ұлттық электр торабын дайындауды және күзгі-қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелер кезінде тұтынушыларды электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан БЭЖ-інің жұмыс режимдерін бақылауды жалғастырады.

 


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші